03.02.2026
«Рухани мұра және құқықтық тәрбие» атты тарих және құқық пәні апталығы аясында мектебімізде ерекше кездесу өтті. Шараның басты мақсаты — ұлы ақын Абай Құнанбаевтың құқықтық көзқарастарын зерделеп, олардың бүгінгі қоғам үшін маңыздылығын жас ұрпаққа түсіндіру.
Кездесудің құрметті қонағы ретінде «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Әубәкір Жандос Мағазбекұлы қатысты.
«Абай және Заң» тақырыбында өткен бұл сұхбат барысында:
Абайдың «Қара сөздеріндегі» әділеттілік пен құқық нормалары; Хакім Абайдың ереже-заңдарды қабылдауға қосқан үлесі; Ұлы ойшыл мұрасының қазіргі заманғы құқықтық тәрбиемен сабақтастығы кеңінен талқыланды.
Оқушылар мен ұстаздар ғалымға көкейкесті сұрақтарын қойып, Абайдың рухани әлемі мен заңгерлік ой-түйіндері туралы құнды мәліметтер алды. Мұндай кездесулер мектеп оқушыларының құқықтық сауаттылығын арттырып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруге зор ықпал етеді.
